Степногорск қаласының прокуратурасы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өндірістік секторды дамытуға, сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейін арттыруға және оларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде №5 мекемеде өндірістік ангардың құрылысы аяқталды. Жаңа нысанның жалпы аумағы 520 шаршы метрді құрайды, бұл өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Прокуратураның үйлестіруімен «Сафин» ЖК тарапынан шамамен 30 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Нәтижесінде мекеме базасында өндіріс іске қосылып, қазіргі таңда 30 сотталған еңбекпен қамтылды.
Кәсіпорын автокемпингтік жабдықтар шығаруға маманданған. Өндірістік процесс екі ауысымда ұйымдастырылып, күн сайын сағат 06:30-дан 21:00-ге дейін жүзеге асырылады. Дайын өнімді өндіру мерзімі 3-тен 7 күнге дейінгі аралықты құрайды, ал ай сайын 10-ға дейін тапсырыс орындалады.
Аталған жобаны іске асыру сотталғандардың еңбекпен қамтылу деңгейін арттыруға, олардың тұрақты кәсіби дағдылары мен өндірістік тәртіпті қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
Ақмола облысының прокуратурасы