«Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс фактісі бойынша тергеу жалғасуда

«Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс фактісі бойынша тергеу жалғасуда

Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.

Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдіктелуде.

Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 - бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне- үй қамағы таңдалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. ​

ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.

Ақмола облысының прокуратурасы