2026 жылғы 07 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабымен медициналық қызметкерге, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне олардың қызметтік немесе кәсіби міндеттерін атқару кезінде не соған байланысты, сондай-ақ сол міндеттерді орындағаны үшін кек алу мақсатында күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Бұл медициналық қызметкерлерге қатысты құқыққа қарсы әрекеттердің жиілеуіне байланысты. Заң шығарушы медицина қызметкерлеріне жасалатын қол сұғушылықтарды билік өкілдеріне жасалатын қол сұғушылықтарға теңестіріп, олардың мәртебесін өзгертті.
Жаңа бап медициналық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ олардың кәсіби қызметін қорғауға бағытталған. Жаза жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытындағы мемлекеттің жүйелі саясатын көрсетеді.
Облыс прокуратурасы қайтымсыз салдардың алдын алу мақсатында заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Ақмола облысының прокуратурасы