
Ақмола облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Ювеналды сот үкімін түсіндіру» атты кездесу өткізді.
Іс-шара Көкшетау қаласындағы №20 гимназия мектебінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушыларға нақты сот актілері негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңға қайшы әрекеттер жасаған жағдайда туындауы мүмкін құқықтық салдарлар туралы айтылды.
Сондай-ақ қылмыс жасағаны үшін көзделген жауапкершілік туралы ескертетін бейнеролик көрсетілді.
Іс-шараға 100-ден астам 9–11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша оқушылар өз пікірлерімен бөлісіп, қылмыс пен жазаның адамның болашағына тигізетін әсері кеңінен талқыланды.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заңға құрметпен қарауына ықпал етеді.
Ақмола облысының прокуратурасы