Ақкөл ауданының Ж.Бектұров атындағы №3 орта мектебінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және интернет-алаяқтықтың профилактикасына бағытталған іс-шара өткізілді.
Іс-шара прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлері мен білім бөлімінің қатысуымен ұйымдастырылды. Кездесу Ақкөл қаласының мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен ашық диалог форматында өтті.
Кездесу барысында оқушыларға қолданыстағы заңнама нормалары, кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі мәселелері, сондай-ақ интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Интернет-алаяқтықтың алдын алу, оның ішінде дропперлік, буллинг және кибербуллинг тақырыптарына ерекше назар аударылды.
«Прокурор сағаты» – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім беру-профилактикалық бастама. Іс-шара форматы дәрістерді, түсіндіру жұмыстарын және ашық пікір алмасуды қамтиды. Бұл құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға жүйелі негіз қалайды.
Іс-шара аясында «Қаржы сақшысы» республикалық конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Конкурс қаржылық сауаттылықты арттыру және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізілді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, өзекті құқықтық мәселелерді талқылады.
Ақмола облысының прокуратурасы