Ақмола облысында браконьерлер «Көкшетау» ұлттық саябағында елік атқаны үшін сотталды

Ақмола облысында браконьерлер «Көкшетау» ұлттық саябағында елік атқаны үшін сотталды

Ақмола облысында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында заңсыз аң аулау дерегі бойынша (ҚР ҚК-нің 337-бабы) айыптау үкімі шығарылды.

Үш азамат «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының қорғау аймағында үш бас сібір елігін заңсыз атып, табиғатқа елеулі зиян келтірген. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Сотталушылар кінәсін мойындамағанына қарамастан, Зеренді ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысының принципті ұстанымының арқасында олардың кінәсі толық дәлелденді.

Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екі сыбайласы әрқайсысы 2 жыл 8 айға сотталды. Қылмыс жасау кезінде пайдаланылған автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Бұл жылдан бастап аталмыш аудан бойынша 337-баптың негізінде шығарылған екінші айыптау үкімі болып отыр.

Облыс прокуратурасы балықшылар мен аңшылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

2025 жылы аңшылық және балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 8,5 млн теңгеге шамамен 400 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 11 қылмыстық іс тіркелді.

Аңшылар мен балықшыларды заң талаптарын қатаң сақтауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырамыз.

 Ақмола облысының прокуратурасы