Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 4 желтоқсандағы №76 нормативтік қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 56-бабы екінші бөлігінің бірінші абзацына, сондай-ақ 161, 162 және 163-баптарына өзгеше құқықтық түсіндірме берілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мүлікке тыйым салу тәртібін реттейтін Қылмыстық-процестік кодекс нормаларының конституциялылығын тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш беруге ортақ меншікте тұрған пәтерге, сот отырысын өткізбестен және ортақ меншік иелерінің біріне өз пікірін білдіру мүмкіндігін берместен, тыйым салынған жағдай негіз болды.
Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген сотта тыңдалу құқығы сот шешімімен құқықтары қозғалатын кез келген тұлғаға, оның процессуалдық мәртебесіне қарамастан, қолданылатынын растады. Бұл қылмыстық процесте тыйым салынатын мүліктің ортақ меншік иелеріне де қатысты.
Сот, ҚПК жекелеген мәселелерді тергеу судьясының сот отырысын өткізбестен жеке-дара қарауына жол беретінін атап өтті, алайда ортақ меншік фактісінің болуы ортақ меншік иелерінің қатысуымен міндетті түрде сот талқылауын жүргізуді талап ететін елеулі мән-жай болып табылады.
Қорытындылай келе, Конституциялық Сот ҚПК-нің даулы нормаларын түсіндірілген құқықтық ұстанымды ескере отырып қолдану шартымен ғана Конституцияға сәйкес деп таныды. Қазақстан Республикасының Үкіметіне алты ай мерзімде мүлікке тыйым салу рәсімін жетілдіруге және ортақ меншік иелерінің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу тапсырылды.
Ақмола облысының прокуратурасы