Зеренді аудандық прокуратурасымен Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру барысына уәкілетті органдардың қызметі талданды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының геопорталы арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде Зеренді ауданында рұқсат етілмеген 128 қоқыс тастау орны анықталған. Өз кезегінде, ауылдық округтердің әкімдіктері олардың толықтай жойылғаны туралы есеп берген.
Алайда, координаталар бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде қоқыс үйінділері іс жүзінде жойылмағаны, жұмыстардың тек қағаз жүзінде орындалғаны анықталды.
Қадағалау актілерінің нәтижесі бойынша Зеренді ауданының 17 ауылдық округі әкімдері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 324-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары жүргізіліп, барлығы 5810 м³ көлемінде қалдықтар шығарылды.
Сонымен қатар, Зеренді ауданында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған заңдастырылған полигондар жоқ, барлық қалдықтар жергілікті атқарушы органдар белгілеген, экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай келмейтін алаңдарға төгіледі.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қоқыс полигондарын заңдастыру және талаптарға сәйкестендіру бағытында нақты шаралар қабылданбай отыр.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыс прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Ақмола облысының прокуратурасы