2025 жылғы 2 шілдеде Ақмола облысы прокуратурасында өңір прокуратура органдарының ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы қызметінің қорытындылары бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Отырыста қалалық және аудандық прокурорлардың, құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептері тыңдалып, қадағалау, құқық қорғау және үйлестіру жұмыстарының негізгі нәтижелері талқыланды.
Облыс прокуроры Руфат Құттықов алдағы кезеңге арналған басты міндеттерді атап көрсетті. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президентінің және Бас Прокурорының тапсырмаларын тиімді орындау қажеттілігіне, сондай-ақ прокурорлық қадағалауды заман талаптарына бейімдеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың жүйелі алдын алудың және құқықтық тәртіпті нығайтудың негізі ретінде «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға баса назар аударылды. Аталған тұжырымдама аясында өңірде бірқатар маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.
Олардың қатарында облыс прокуратурасының бастамасымен қолға алынған жобалар бар: өңірдің зияткерлік әлеуетін тартуға және құқықтық ағартушылықты арттыруға бағытталған «Зиялы Қауым» жобасы; білім беру мекемелерімен бірлесіп жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған «Жас Ұрпақ» жобасы; сондай-ақ құқық қорғау органдарының бақылауындағы адамдар арасында қайталанатын құқық бұзушылықтарды азайтуға бағытталған «Рецидивтің алдын алу» бағдарламасы және өзге де бастамалар іске асырылуда.
Алқа қорытындысы бойынша тиісті бөлімшелерге, облыс қалалары мен аудандарының прокурорларына ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға және Ақмола облысындағы заңдылықты одан әрі нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Ақмола облысының прокуратурасы