Өрт қаупі жоғары маусымға байланысты Ақмола облысында табиғи өрт шығу қаупі бар аумақтарға тексеру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттыков, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бақытжан Алашев және облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрсултан Мұқашев қатысты. Тексеру Зеренді, Сандықтау және Бурабай аудандарын қамтыды.
Тексеру барысында Бурабай ауданында құрғақ шөптің жану дерегі тіркелді. ТЖД басшылығының тапсырмасымен оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері мен ерікті өртке қарсы құрылымдар жіберілді. Уақтылы анықтау мен жедел әрекет ету нәтижесінде өрт қысқа мерзімде сөндірілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша алдын алу шараларын күшейту, өрт қаупі бар учаскелерді тазарту, техниканың дайындығын қамтамасыз ету және халықтың өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде ақпараттану деңгейін арттыру бойынша ұсыныстар берілді.
Өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар облыс аумағында жалғасуда.
Ақмола облысының прокуратурасы