Абай облысы прокуратурасының бастамасымен облыс орталығындағы барлық мектептерде «Қауіпсіз мектеп» айлығы ұйымдастырылды. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекел топтарын анықтау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру.
Айлық аясында әр мектепке прокуратура қызметкерлері бекітіліп, қылмыстық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасалды. Білім беру ұйымдарында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында дәрістер, оқытушы фильмдер мен бейнероликтер көрсетілді.
Атқарылған жұмыстар барысында бір отбасында тәрбиеленіп жатқан үш баланың алты жылдан астам уақыт бойы мектепте оқымағаны анықталды. Прокуратураның бастамасымен олардың құқықтары қалпына келтіріліп, кәмелетке толмағандар міндетті орта білім алу үшін қалалық мектептердің біріне орналастырылды.
Профилактикалық есепте тұрған балалар мен олардың ата-аналарына ерекше назар аударылып, олар тұрақты бақылауға алынды.
Сондай-ақ айлық шеңберінде «QR-сауалнама» жобасы іске асырылды. Аталған жоба арқылы онлайн форматта, анонимді түрде 15 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы сауалнамаға қатысты. Сауалнама нәтижелері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бірқатар өзекті мәселелер мен профилактикалық шаралардың жеткіліксіздігін көрсетті.
Сауалнамаларда тіркелген заңсыз әрекеттер туралы әрбір хабарлама уәкілетті органдарға қосымша тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Айлық қорытындысы бойынша прокуратура тарапынан қадағалау актілері енгізілді.
Прокуратура кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау – ата-аналардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігіне әкеп соғатынын еске салады.
Абай облысының прокуратурасы
#Заң_мен_Тәртіп
#Әділдік
#Заңүстемдігі