Абай облысында жастарға құқықтық тәрбие беру туралы меморандумға қол қойылды

Абай облысында жастарға құқықтық тәрбие беру туралы меморандумға қол қойылды

       Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде облыс прокуроры Ерлан Абаев, облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов және «Alikhan Bokeikhan University» вице-президенті Жанна Құрманбаева Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша үшжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

       Меморандумның мақсаты – құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы нығайту, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтарға теріс көзқарас қалыптастыру.

       Тараптар «Alikhan Bokeikhan University» заң факультетінің студенттерін құқықтық түсіндіру жұмысына тартуға келісті. Студенттер мектептер мен колледждерде есірткі қылмыстары, алаяқтық, буллинг және өзге де құқықбұзушылықтардың жол берілмейтіндігі мен салдары туралы дәрістер оқиды.

       Әр студентке прокуратураның тәжірибелі қызметкері бекітіледі. Ол лекторға бағыт беріп, қажетті материалдармен қамтамасыз етеді.

       Облыс прокуроры жастарды құқықбұзушылықтың алдын алуға тарту жасөспірімдердің санасында заң мен жалпы қабылданған ережелерді бұзуға деген төзбеушілік қалыптастыратынын атап өтті.

       Сонымен қатар, бұл жұмыс заң саласында болашақ мансабын жоспарлап отырған студенттерге көпшілік алдында сөйлеу және шешендік өнер бойынша тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

       Іс-шара қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы мен облыс әкімдігі белсенді және нәтижелі жұмыс істеген студенттерді марапаттайтын болады.

       Абай облысының прокуратурасы

 

#Заң_мен_Тәртіп

#Әділдік

#Заңүстемдігі