Абай облысының прокуратурасы азаматтардың су пайдалану құқығын шектейтін нормативтік құқықтық актіде заң бұзушылықты анықтады. Заңдылықтың мониторингі барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Су кодексіне қайшы келетін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ортақ су пайдаланудың Үлгілік қағидаларын қабылдағаны белгілі болды.
Аталған ережелерге сәйкес, министрлік елдегі барлық су айдындарында, ескерту белгілерінің бар-жоғына қарамастан, суға түсуге толықтай тыйым салған. Бұл, бұрын суға түсуге рұқсат етілген жерлерде де азаматтардың құқықтарын шектеуге әкелген.
Осыған байланысты, облыс прокуратурасы аталған норманы заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
2024 жылдың 25 желтоқсанында Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап қоюды қанағаттандырып, қазіргі уақытта су пайдалану мәселелерін реттейтін Су ресурстары және ирригация министрлігін Үлгілік қағидаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге міндеттеді.
2025 жылдың 12 наурызында Астана қаласының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығын растап, күшінде қалдырды.
Сот даулы норманың Конституцияның 6-бабы 3-тармағына қайшы келетінін атап өтті, ол бойынша жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.
Осылайша, Абай облысының прокуратурасы азаматтардың су ресурстарына қол жеткізу және пайдалану жөніндегі конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті.
Абай облысының прокуратурасы
#Заң_мен_Тәртіп
#Әділдік
#Заңүстемдігі