Семей қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарында дербес деректер туралы заңнама талаптарының сақталуына қатысты заң бұзушылықтарды анықтады.
Анықталғандай, 31 мектептің ресми сайттарында қызметкерлер мен білім алушылардың дербес деректері қамтылған құжаттар ашық қолжетімділікте орналастырылған.
Атап айтқанда, 3 752 қызметкердің аты-жөні, ЖСН-і, туған күндері, тұрғылықты мекенжайлары және байланыс телефондары, сондай-ақ 344 кәмелетке толмаған бала туралы мәліметтер жарияланған.
Мұндай мәліметтерді орналастыру жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың бұзылуына және олардың заңсыз пайдаланылуына қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз орналастырылған мәліметтер ашық қолжетімділіктен алынып тасталды, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура дербес деректер туралы заңнама талаптарын және оларды қорғау нормаларын, әсіресе ақпаратты Интернет желісінде орналастыру кезінде қатаң сақтаудың қажеттігін еске салады.