Абай облысында су қорғау белдеуінде орналасқан ағаш кесу цехтарының заңсыз қызметіне тосқауыл қойылды

Абай облысында су қорғау белдеуінде орналасқан ағаш кесу цехтарының заңсыз қызметіне тосқауыл қойылды

      Абай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан және заңнама талаптарын бұза отырып қызметін жүзеге асырған екі ағаш өңдеу нысаны (ағаш кесу цехы) анықталды.

      Аталған кәсіпкерлік субъектілері тиісті рұқсат құжатынсыз (хабарлама бермей) кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.

      Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес (тиісті рұқсатсыз (хабарламасыз) кәсіпкерлік қызметпен айналысу) әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оларға тиісінше 15 және 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

      Өрт қаупі жоғары кезеңде ағаш кесу цехтарының жұмыс істеуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Ағаш өңдеу нысандары ағаш қалдықтарының көп мөлшерде жиналуы, жанғыш материалдардың болуы және өрттің шығуына себеп болуы мүмкін жабдықтардың пайдаланылуына байланысты өрт қаупі жоғары объектілер санатына жатады.

      Абай облысының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің назарын табиғат қорғау, су және кәсіпкерлік саласындағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығына аударады.

      Осындай нысандарды пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылуы өрттердің шығуына, қоршаған ортаға, су объектілеріне және орман қорына зиян келтіруге, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге әкеп соғуы мүмкін.

                                                                                                Абай облысының прокуратурасы

#Әділдік

#Заңүстемдігі