Абай облысының прокуратурасында облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс жұмысына құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, спорт басқармаларының басшылары, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры кәмелетке толмағандармен жүргізіліп жатқан жұмыстың жүйелі негізде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Білім беру ұйымдарында буллингтің, бопсалаудың және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында дәрістер, дөңгелек үстелдер мен құқықтық акциялар өткізілуде.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап уәкілетті органдардың профилактикалық жұмысы, әсіресе түнгі уақытта көшелерде күшейтілді.
Осылайша, соңғы екі айдың ішінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болған балалары үшін 160-тан астам заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Әлеуметтік осал санаттағы жасөспірімдерге де ерекше назар аударылды.
Профилактикалық жұмыстың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – балалардың каникул кезеңіндегі бос уақытын ұйымдастыру, оның ішінде оларды спортпен шұғылдануға тарту болып табылады.
Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірқатар тиісті тапсырмалар берілді:
- полиция органдары үшін қолайсыз отбасыларды ерте анықтау, кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың алдын алу және осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу сапасын арттыру басым бағыттар ретінде айқындалды;
- жергілікті атқарушы органдарға спортпен шұғылдануға жағдайды жақсарту, спорт нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, тегін спорт секцияларының санын көбейту және спорт алаңдарында жаттықтырушылардың жұмысын ұйымдастыру тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, профилактикалық жұмысты күшейтуге және балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты шаралар әзірленді.
Абай облысының прокуратурасы
#Әділдік
#Заңүстемдігі