Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы тапсырмасын орындау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасын іске асыру аясында Абай облысында бірегей цифрлық жоба — «Қалдықтар» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Ұзақ уақыт бойы облыс орталығындағы өзекті мәселелердің бірі рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің көп болуы болып келді. Олардың пайда болуының негізгі себептері — қалдықтарды есепке алудың бірыңғай жүйесінің болмауы және уәкілетті органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі.
Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен уәкілетті мемлекеттік органдар мен «Семей Тазалық» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойылды.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік органдарды, операторларды және қадағалау органын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа — «Қалдықтар» ААЖ әзірленіп, енгізілді.
Енді қоқысты жинау, шығару және полигондарға жеткізу, сондай-ақ қоқыс таситын көліктердің қозғалыс бағыттары қашықтан бақыланатын болады.
Бұл ретте прокуратура тек қадағалау органы ретінде ғана емес, сонымен қатар талдамалық жұмыстың белсенді қатысушысы ретінде де әрекет етеді. Жүйеге жүргізілетін күнделікті мониторинг қоқыс үйінділерінің пайда болу алғышарттарын дер кезінде анықтауға және олардың алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Қалдықтар» ААЖ-ны енгізу экологиялық бақылауды цифрландырудағы маңызды қадам болып табылады және қалдықтарды басқару жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Абай облысының прокуратурасы
#Әділеттілік
#КүшЗаңда