Абай облысында вейптерді заңсыз сатқаны үшін үкім шығарылды

Абай облысында вейптерді заңсыз сатқаны үшін үкім шығарылды

       Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Семей қаласының тұрғынына қатысты электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз өткізгені үшін қылмыстық іс қаралды.

       2024 жылдың 20 маусымнан бастап Қазақстан Республикасында вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынған.

       Белгіленген тыйымға қарамастан, сотталған азамат 3700-ден астам жазылушысы бар «Telegram» мессенджері арқылы никотин құрамды өнімдерді өткізуді ұйымдастырған. Заңсыз әрекетке екі сыбайласы тартылған. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 784 электрондық құрылғы мен оларға арналған сұйықтықтар тәркіленді.

      Сот үкімімен ұйымдастырушы ҚК-нің 301-1-бабы (шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды. Оның сыбайластарының әрқайсысы 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды. Қолданылған автокөлік құралдары мен ұялы телефондар тәркіленді, өнім жойылуға жатады.

      Үкім заңды күшіне енген жоқ.

       Семей қаласының прокуратурасы азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға және тыйым салынған никотин құрамды өнімдердің заңсыз айналымына қатыспауға шақырады.

       Абай облысының прокуратурасы

 

#Әділеттілік      

#КүшЗаңда