Абай облысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Абай облысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

       Абай облысы прокуратурасының ұйымдастырған «Мен және Заң» Форумы аясында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

       Құжатқа Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, облыс әкімі Берік Уәли және облысының прокуроры Ерлан Абаев қол қойды.

       Форумда Бас прокуратурадан «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі «Жобалық кеңсенің» басшысы Мұрат Құсайынов және БП Стратегиялық даму Департаменті бастығының орынбасары Шолпан Кошенова өкілдік етті.

       Меморандум балалардың құқықтарын қорғау саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту мен ақпарат алмасуды, бірлескен профилактикалық және ағартушылық іс-шараларды жүзеге асыруды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерін жетілдіруді көздейді. Балалар арасындағы құқық бұзушылықтарды алдын алудың тиімді тәжірибелерін енгізуге, әдістемелік материалдармен алмасуға және құқық қолдану практикасын талдауға ерекше назар аударылады.

       Форум барысында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында мектеп дәрістерінің сериясына бастау берілді. Шәкәрім атындағы университет пен Педагогикалық колледждің студенттері қала мектептерінде кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті, заңға құрметті және жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған ағартушылық сабақтар өткізетін болады.

       Форумға қатысушылар мемлекеттік органдар мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының күш-жігерін біріктіру құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың қосымша тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

       Абай облысының прокуратурасы

 

#Заң_мен_Тәртіп

#Әділдік

#Заңүстемдігі