Семей қаласының прокуратурасы Н.Г. Чернышевский атындағы №1 мектептің 11-сынып оқушылары үшін Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына баруды ұйымдастырды. Оқушылар ашық сот отырысына тыңдаушы ретінде қатысты.
Аталған іс-шара профилактикалық және тәрбиелік сипатта өткізіліп, оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікті түсінуге бағытталды. Сотқа бару оқушыларға сот талқылауының тәртібімен және заң талаптарын сақтаудың маңызымен көрнекі түрде танысуға мүмкіндік берді.
Сот отырысы барысында 2025 жылғы қараша айында көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік мас күйде автокөлік басқарған, сол арқылы жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген Семей қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Семей қаласының прокуратурасы алкогольдік мас күйде көлік құралын басқару, сондай-ақ көлік жүргізуге салынған сот тыйымын елемеу заңның өрескел бұзылуы болып табылатынын және қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатер төндіретінін түсіндіреді. Заңнаманы және Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті.
Абай облысының прокуратурасы
#Заң_мен_Тәртіп
#Әділдік
#Заңүстемдігі