
Абай облысының прокуратурасы мен «Абай облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында заңдылықты нығайту және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Құжатқа облыс прокуроры Ерлан Абаев және Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов қол қойды.
Келісімнің негізгі мақсаты — еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, заңдылық мәдениетін дамыту, сондай-ақ еңбек дауларын сотқа дейін шешу тетіктерін ілгерілету бағытында бірлесіп жұмыс жүргізу.
Ынтымақтастық аясында ақпарат алмасу, бірлескен ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізу, татуластыру орталығының жұмысына қатысу, білім беру жобаларын іске асыру және кәсіподақ ұйымдарына консультативтік қолдау көрсету көзделген.
Медиация және өзге де татуластыру рәсімдерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Бұл еңбек жанжалдарын азайтуға, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің құқықтық санасын арттыруға бағытталған.
Облыс прокуроры азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл прокуратураға еңбек құқықтарының бұзылуына жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі әділ еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Абай облысының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастырады.
Абай облысының прокуратурасы
#Заң_мен_Тәртіп
#Әділдік
#Заңүстемдігі