Абай облысында «Заң мен Тәртіп» апталығы аясында «XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» форумы өтті

Абай облысында «Заң мен Тәртіп» апталығы аясында «XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» форумы өтті

       Абай облысында «Заң мен Тәртіп» апталығы жалғасуда. Осы апталық аясында «XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» атты ақпараттық форум ұйымдастырылды.

       Форумның мақсаты – азаматтардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, заманауи алаяқтық түрлерінен қорғау, сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

       Форум барысында қатысушылар телефон және интернет алаяқтығы, қаржы пирамидалары, «дропперлер» әрекеті, сондай-ақ цифрлық гигиена мен жеке деректердің қауіпсіздігі тақырыптарын талқылады.

       Форумға Абай облысы прокуратурасының, Экономикалық тергеу департаментінің, полицияның, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

       Іс-шара нақты оқиғалар мен қылмыстық істер мысалға алынып, интерактивті форматта өтті. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, заңгерлік кеңестер алды. Сонымен қатар, форум аясында жастар аудиториясына бағытталған әзіл көріністер мен бейнероликтер ұсынылды, бұл өзекті тақырыптарды шығармашылық тұрғыда жеткізуге мүмкіндік берді.

       Қорытынды сессияларда цифрлық мәдениет пен онлайн қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Интернет кеңістігінде құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

       «Заң мен Тәртіп» бастамасы аясында өткен бұл форум – қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтудың жарқын үлгісі болды.

       Абай облысының прокуратурасы

 

#Заң_мен_Тәртіп

#Әділдік

#Заңүстемдігі