Абай облысының прокуроры Ерлан Абаевтың төрағалығымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Отырыста «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП филиалының басшылары қатысты.
Облыс прокуроры құқық қорғау органдарының назарын есірткінің таралуына, алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күрес мәселелеріне аударды.
Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту, өңірде қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және профилактикалық жұмысқа бизнес-қоғамдастықты тарту мәселелері талқыланды.
Облыс прокуроры кейбір аудандардағы ауылдарда алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту тәжірибесінің оң нәтижесін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды полиция мен жергілікті атқарушы органдарға тапсырды.
Сонымен қатар, қайталама қылмыстың алдын алуға және сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылды.
Ерлан Абаев «Атамекен» ҰКП мен кәсіпкерлерді облыс әкімдігімен бірлесіп, бостандықтағы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетуге шақырды.
Отырысты қорытындылай келе, облыс прокуроры құқық қорғау және атқарушы органдар тарапынан профилактикалық жұмысқа қысқа және ұзақ мерзімді перспективада жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті.
Абай облысының прокуратурасы
#Әділдік
#Заңүстемдігі