А.ж. 6 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған заң мемлекет тарапынан тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарын ретке келтіруге, сондай-ақ тексерулер жүргізудің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Енді бақылау мақсатында сатып алу, тергеп-тексеру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдарға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері туралы құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға хабарлау қажет.
Осыған байланысты, тексерулерді тағайындау туралы актілерді тіркеудің салалық қағидаларына тиісті түзетулер енгізілуде.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сәйкес ағымдағы жылдың өткен кезеңінде бақылау және қадағалау органдарымен 32 мыңнан астам, оның ішінде бизнес субъектілеріне қатысты 16 мың тексеру тіркелді.
Мемлекеттік органдар негізсіз тағайындаған 600 тексерудің, оның ішінде бизнес субъектілеріне қатысты 300-ден астам тексерудің жолы кесілді.
Тексерулерді тіркеу және есепке алу саласында бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдардың 342 лауазымды тұлғасы түрлі жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Комитеттің Алматы облысы бойынша департаменті тексерулерді тіркеу жөніндегі заңнама талаптарын сақтау мәселесі бойынша жүргізілген талдау шеңберінде Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан кәсіпкерлерге қатысты ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымсыз пайдалану, құқықтық статистиканың уәкілетті органдарында тағайындау және тіркеу туралы актісін шығармай заңсыз тексерулер жүргізудің 111 фактісін анықтады.
Сондай-ақ, Комитеттің Әскери департаменті Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметіне жүргізілген жоспарлы тексерудің нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз тексерудің 6 фактісін анықтады. Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесі бойынша бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Барлық қызықтыратын мәселелер бойынша, оның ішінде тексеруші мемлекеттік органдар тарапынан болған заңсыз әрекеттер бойынша Бас прокуратураның бірыңғай байланыс орталығына (телефон-115), сондай-ақ тікелей Комитет және оның аумақтық органдарына жүгінуге болатыны туралы хабарлаймыз.
Сонымен бірге, кез келген кәсіпкер тексерудің тіркелуін www.qamqor.gov.kz ақпараттық порталынан тексере алады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті