Әскерлер тәртібін есепке алу жүйесі жаңартылуда

Әскерлер тәртібін есепке алу жүйесі жаңартылуда

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери департаменті Бас әскери прокуратурасы, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұланмен бірлесіп, қылмыстық емес сипаттағы барлық әскери оқиғаларды орталықтандырылған есепке алу платформасын енгізу жұмыстарын жүргізуде.

Оған әр ведомстваның мұндай деректерді өз бетінше жинақтауы негіз болды. Кейбір оқиғалар құқықтық есепте болмаған, сондай-ақ тиісті ақпаратты талдау тәртібінің бірыңғай тәсілі де болған жоқ.

Осыған байланысты, «Әскери ахуалдық-талдау орталығы» жобасы әзірленді. Онда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ әскерлер мен әскери құрамалардағы барлық оқиғалар туралы мәліметтер цифрландырылып жинақталды.

Құқықтық есепке алуға жататын 124 оқиға түрі әзірленді. Бұл тізімге әскери қызметшілердің жарақат алуы, күзет қызметін атқару ережелерін, сондай-ақ жалпы әскери жарғылардың басқа да талаптарын бұзу сияқты оқиғалар жатады.

Пилоттық режимде 2023 жылы және 2024 жылдың өткен кезеңінде 886 оқиға бойынша деректер базаға енгізілді. Олардың көп бөлігін әкімшілік құқық бұзушылықтар - 263, қызметке шықпау - 108, тәртіп пен киім үлгісін бұзу – 49 және басқа да құқық бұзушылықтар құрайды.

Бұл мәліметтердің барлығы әскерлер тәртібінің жағдайы туралы ақпарат ретінде (қылмыстылықты қоспағанда) автоматты түрде қалыптастырылады, ол әскери қызметшілер арасындағы оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын әзірлеу үшін қолданылады және күн сайын талданады.

Бүгінгі таңда осы цифрлық платформаны жүргізу жөніндегі Нұсқаулық жобасы мүдделі органдармен келісілуде.

 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті