Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексеру туралы

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексеру туралы

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бизнеске қатысты 92 тексеруді заңсыз деп танып, 100-ге жуық кәсіпкердің құқықтарын қорғады.

Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектілерге қатысты тексерулерді ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары тарапынан Кәсіпкерлік кодекстің 13-тарауының талаптары өрескел бұзылғаны анықталды.

Кәсіпкерлерді тексеру кезінде тексеру тағайындау туралы акті шығарылмаған, олар тиісті түрде тіркелмеген, тексеру сұрақтарынан тыс жүргізілген, тексерулерді жүргізудің мерзімдері сақталмаған, сондай-ақ тексерулерді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген лауазымды тұлғалармен жүргізілген.

Мұндай жағдайларда тексеру нәтижелері заңсыз деп танылды.

Анықталған бұзушылықтар бақылаушы мемлекеттік орган тарапынан негізсіз қысым жасағанын білдіреді, бұл жағдай елдегі бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижелері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының 60-қа жуық лауазымды тұлғасы тиісті жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі таңда осындай фактілерге жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізілді.​

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

press@kgp.kz