А.ж. 12 қаңтарда Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басшысы Сәбит Нұрлыбайдың төрағалығымен аумақтық органдардың бастықтары мен жеке құрамының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында 2022 жылғы жұмыстың қорытындысы шығарылды.
Өткен жылы құқықтық статистика органдары 28 мың қадағалау іс-шараларын жүргізді, 49 мыңнан астам түрлі бұзушылықтар анықталды, прокурорлық қадағалаудың 3 мың актісі енгізілді, олар бойынша 7,6 мың лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Азаматтарға 4,8 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді (мұрағаттық анықтамалар, соттылық, апостиль қою, сыбайлас жемқорлық сияқты), мемлекеттік органдардың 1,2 млн сұрау хаттары орындалды.
Азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қылмыстық және әкімшілік процестерді автоматтандыру, тексерулер тағайындау, өтініштерді тіркеу бойынша цифрлық жобалар сәтті іске асырылды.
Қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізгеннен бастап қылмыстық қудалау органдардың қызметін бақылау жұмыстары жақсарды. Нәтижесінде 2022 жылы қылмыстық процеске негізсіз тартылған тұлғалардың саны 59 мыңнан 53 мыңға дейін қысқарды.
Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесі арқылы бизнес субъектілерін бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымнан қорғау қамтамасыз етіледі. Комитет пен оның аумақтық органдарының прокурорлары 1050 заңсыз тексерудің жолын кесті.
Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімінде электрондық форматта 8 млн астам немесе әкімшілік хаттамалар мен нұсқамалардың 88%-ы жасалды. Әкімшілік айыппұлдардың өндіріп алу пайызы 78,2%-ды құрап, 120 млрд теңгеден асты.
Комитеттің ақпараттық жүйелері арқылы азаматтардың мемлекеттік органдарға онлайн шағым беруге, әкімшілік айыппұлдарды төлеуге, ал бизнес заңсыз тексерулер туралы ақпарат беруге мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар халық үшін құқықтық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін «Qamqor.gov.kz» жария порталы қызмет атқарады. Комитеттің сервистері арқылы азаматтар полицияға өтініш береді және оның қаралуын қадағалайды, көліктің жол-көлік оқиғаларда қатысуын тексереді, өңірдегі крименогендік ахуал және жолдардағы апаттың жай-күйі туралы геокарталар бойынша мәліметтерді алады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша электрондық хаттамалар мен ұйғарымдар электрондық үкімет порталы, «Kaspi bank» және «Halyk bank» сияқты екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы, сондай-ақ жария сектор арқылы әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімінде қол жетімді.
Алқа қорытындысы бойынша Сәбит Нұрлыбай жұмысты жалғастыруды тапсырып, 2023 жылға арналған міндеттер мен негізгі бағыттарды белгіледі.
Басым бағыттары ретінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау, мемлекеттік құқықтық ақпараттың дұрыстығы, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, бизнесті қорғау, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жұмысты жақсарту және одан әрі цифрландыру болып айқындалды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті