Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасының өкілдеріне цифрлық жобалар таныстырылды

Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасының өкілдеріне цифрлық жобалар таныстырылды

А.ж. 24 қыркүйекте Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне Қырғыз Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Сапардың мақсаты мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру, атап айтқанда қылмыстық процесті жаңғырту аясындағы жұмыстарды таныстырумен байланысты болып табылады.

Делегация назарына «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі» жүйесінің жұмысы көрсетілді.

Қазақстандық жүйеге ұқсас 2019 жылдан бастап Қырғызстанда «Қылмыстар мен теріс қылықтардың бірыңғай тізілімі» жүйесі жұмыс жасайтындығын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, қатысушылар «Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі» (ӘІБТ) ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты.

ӘІБТ көрсетілімі барысында әкімшілік сот ісін жүргізуді цифрландыру бойынша қазақстандық тәжірибе қырғыз әріптестерінің үлкен қызығушылығын тудырды.

Ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуі және дербес деректерді қорғау туралы делегацияның егжей-тегжейлі сұрақтарына Комитет өкілдері толық жауап берді.

Қорытындылай келе, құқық қорғау жүйесін цифрландыру – мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігінің кепілі, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, құқықтық статистиканың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту болып табылатыны атап өтілді.​

Ынтымақтастық және цифрландыру саласында алынған тәжірибе қазақстандық қызметі үлгісінде Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдететін, олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін ұқсас жүйелерді енгізуге және оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Қырғыз тарапы қазақстандық әріптестеріне жылы кездесу үшін алғыс айтып, қазақстандық тараптың тәжірибесі өте маңызды және құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруде пайдаланылатынын атап өтті.

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық

статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті