Тексерулерді есепке алу және тіркеу саласында қолданылатын шаралар туралы

Тексерулерді есепке алу және тіркеу саласында  қолданылатын шаралар туралы

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шағын және микро кәсіпкерлікті тексеруге 3 жылдық мораторий қолданылады.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің статистикалық деректеріне сәйкес енгізілген мораторий мен қолданыстағы карантиндік шектеулер 2020 жылы тексерулер санының 69%-ға төмендеуіне ықпал етті. Бақылау және қадағалау органдарымен барлығы 70 мыңға жуық тексеру жүргізілді, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 224 мыңнан астам болды.

Бизнеске түсетін жүктеме 79%-ға төмендеді. Егер 2019 жылы кәсіпкерлер 128 мың рет тексерістен өтсе, 2020 жылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру саны небәрі 27 мыңнан астамын құрады. Өткен жылы шағын және микро бизнеске қатысты 9335 тексеру тіркелді, олардың көпшілігі немесе 8316 тексеру кәсіпкерлердің өз бастамасымен жүзеге асырылды.

Комитеттің қызметкерлері тіркеу сатысында 403 негізсіз тексерудің, оның ішінде кәсіпкерлерге қатысты 195 тексерудің жолын кесті. Олардың ішінде Комитет бақылау органдарының қолданыстағы тыйымды айналып өтіп, бизнеске тексеру жүргізуге 100 әрекетін тіркеу сатысында тоқтатты.

Ағымдағы жылдың басынан бастап құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары мемлекеттік органдар жүзеге асыратын тексерулерді тағайындау туралы 13 445 актіні тіркеді, оның ішінде 4 734  жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде. 76 тексеруді тіркеуден бас тартылды, оның ішінде 35 жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты.

Мораторий кезеңінде тексерулердің ең көп саны кәсіпкерлердің бастамасы бойынша тағайындалатынын айта кету керек. Мысалы, ағымдағы жылдың 2 айында профилактикалық бақылау шеңберінде олардың өтініштері бойынша түрлі рұқсаттарды алуға 2 946 акт тіркелді.

Сонымен қатар, егер сіз тексеруші органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз іс - әрекеттерге тап болсаңыз, Бас прокуратураның call-орталығының 115-бірыңғай нөмірі бойынша хабарлауыңызды сұраймыз, ол бойынша ақпарат алуға және тексерушілердің іс-әрекеттеріне шағымдануға болады.

Сонымен бірге, кез келген кәсіпкер www.qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінде тиісті жолға акт нөмірін енгізу арқылы тексерудің заңдылығын көре алады.

Сол жерде органның атауы, тексеру кезеңі, тексеруші тұлға туралы деректер шығады. Егер ақпарат болмаса, онда тексеру прокуратура органдарында тіркелмеген, ол заңсыз болып табылады.

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі

press@kgp.kz