Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары жұмысының қорытындысы шығарылды

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары жұмысының қорытындысы шығарылды

А.ж. 28 қазанында Бас Прокурордың орынбасары М.М. Ахметжановтың төрағалығымен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің кеңейтілген алқа отырысында 2020 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары талқыланды.

Алқа отырысында уәкілетті прокурорлардың қадағалау жұмысы қызметінің негізгі бағыттары және цифрлік жобаларды іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері айтылды.

Қазіргі таңда қылмыстық істердің 40 %-ы электрондық форматта тергелуде.

Әкімшілік іс жүргізудің барлық процесі цифрландырылуда, 70 %-нан астам хаттама электрондық форматта жасалады, әкімшілік айыппұлдардың өндірілуі 63,4 %-ды құрады, айыппұлдарды төлеуден мемлекет бюджетіне 30 млрд.теңгеден астам қаражат түсті.

Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы уәкілетті прокурорлармен 291 заңсыз тексерудің жолы кесілді, оның ішінде бақылау органдарына шағын бизнесті тексеруге мораторий аясында 49 тексеруді тіркеуден бас тартылды.

Шағымдарды қарау сапасын жақсарту мақсатында өтініштермен жұмыс істеудің қолданыстағы тәртібін автоматтандыратын «е-Өтініштер» жүйесі әзірленуде.

А.ж. қараша айынан бастап жоба аясында Комитет Көкшетау қаласында, Ақмола облысының Целиноград және Ақкөл аудандарында, сондай-ақ Қарағанды облысының Осакаров ауданында жүйені пилоттық сынақтан өткізуге кіріседі. 2021 жылдың қаңтарынан бастап пилоттық жобаны бүкіл ел бойынша іске қосу жоспарлануда.

Бас Прокурордың орынбасары Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында белгіленген тапсырмаларының орындалуына назар аударып, сенімді құқықтық ортаны және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Комитет төрағасы С.Нұрлыбай ведомство жұмысының жалпы қорытындысын шығарып, саланың даму перспективаларын анықтады. Комитеттің негізгі функциясын орындау – құқықтық ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың осы бағыттағы қызметін талдау бойынша прокурорлық шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Ағымдағы жылы пандемия жағдайында да бақылау-қадағалау шаралары шеңберінде құқықтық статистика органдарының уәкілетті прокурорлары 14 мыңнан астам іс-шара өткізді, олардың барысында 41 мыңнан астам статистика заңдылығы мен дұрыстығын бұзу анықталды, 6 мыңға жуық тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.

Жұмысты қорытындылай келе Марат Мұратұлы Комитет алдындағы басым міндеттерді белгілеп, оларды уақтылы орындауды тапсырды.