Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою бойынша

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою бойынша

2025 жылғы 22 қазанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Қол жеткізілген келісім Мемлекет басшысының болжамдық-талдамалық қызметін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы тағы бір қадам болып табылады.

Құжатқа Университет ректоры Ерлан Сыдықов пен Бас прокуратура комитетінің Төрағасы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сәбит Нұрлыбай қол қойды.

Меморандум қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін анықтау бойынша инновациялық шешімдерді дамыту мақсатында құқық қорғау органдары мен академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруді көздейді.

Ағымдағы жылдың маусым айында өткен құқық қорғау органдарының алқа отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде құрылған құқық қорғау органдарының тәжірибесіне ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды енгізу алаңы болып табылатын Комитеттің жаңа бөлімшесі – Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының (бұдан әрі - Орталық) қызметіне ерекше назар аударылады.

Комитет Төрағасы Сәбит Нұрлыбай: «Комитет қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау міндеттерін орындай отырып, технологиялық құралдар мен зерттеу әдістерін бір мезгілде қолдану қажеттілігіне тап болуда.

Олардың тиімділігі ғылыми негізге, олардың дамуы тереңдігі мен сапасына байланысты.

Бұл жерде біз университеттің рөлін көреміз.

Комитет қазірдің өзінде Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеті, Астана халықаралық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен және Әділет министрлігінің Заңнама институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен  меморандумдарға қол қойды.

Біз үшін университет ғылыми қызметкерлерінің Болжау орталығының прокурорларымен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды.

Ынтымақтастық Комитеттің үлкен деректерін академиялық ортаның әдістемелік сараптамасымен біріктіруге және құқық қорғау органдарының жұмысында қолданылатын үлгілерді жасауға мүмкіндік береді» – деп атап өтті.

Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Комитет пен университет тәжірибелік қажеттіліктерге бағытталған қылмысты болжау бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастайды.

Бұл, университетке ғылыми-зерттеу базасын кеңейтуге және жаңартуға, ал Комитетке –  ғылыми негізделген озық әзірлемелерді енгізуге мүмкіндік береді.

Меморандумның жеке бағыты соңғы курс студенттерін Қылмыстық қауіптерді болжау орталығының жобаларына тартумен байланысты.

Атап айтқанда, IT-саласының студенттері Комитеттің цифрлық жобаларының жас мамандары, тәлімгерлері және қатысушылары ретінде әрекет ете алады, ал болашақ тергеушілер, прокурорлар, адвокаттар мен судьялар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі және Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді.

Сонымен қатар, қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологияны ілгерілетуді үйлестіру үшін Президент Әкімшілігінің Басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша құрылатын «Жобалық офистегі» жобалық басқаруды енгізу мәселелері талқыланды.   

Ынтымақтастықтың стратегиялық нәтижесі — «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру үшін құқық қорғау және уәкілетті органдарының талдамалық жұмысында сұранысқа ие болатын қылмысты болжау үлгілері мен ерте алдын алу жүйелерін әзірлеуге қабілетті жаңа талдамалық мектеп құру.

 

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және

арнайы есепке алу жөніндегі комитеті