2025 жылғы 28 мамырда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Төрағасы Сәбит Нұрлыбай Ауғанстандағы, Орталық Азиядағы, Ирандағы және Пәкістандағы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) өңірлік өкілі Оливер Штолпемен, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ ЕҚБ Бағдарламалар офисінің басшысы Мадина Сариевамен кездесті.
Кездесу барысында делегацияға Комитеттің енгізілген бірегей ақпараттық және талдау жүйелері ұсынылды, соның арқасында қылмыстық процестің өтінішті тіркеуден бастап жазаны орындауға дейінгі барлық кезеңдері цифрландырылған.
Тараптар БҰҰ ЕҚБ тарапынан ықтимал ынтымақтастық және бағдарламалық қолдау шеңберінде Комитеттің басым бағыттары мен өзекті қажеттіліктерін талқылады.
Қонақтарға Комитет базасында іске қосылған синтетикалық есірткі өндірісінде әлеуетті пайдаланылатын прекурсорлардың, химиялық заттар мен жабдықтардың айналымын мониторингтеу жөніндегі Ұлттық ведомствоаралық орталығы — «Таргетинг» пилоттық жобаның жұмысымен танысуға ерекше көңіл бөлінді.
Сапар соңында Оливер Штолпе Комитет іске асыратын қадағалау және құқық қорғау қызметі процестерін цифрландырудың жоғары деңгейін атап өтті.
БҰҰ ЕҚБ делегациясы өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ұйымдастырылған қабылдау және ұсынылған толық ақпарат үшін ризашылығын, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті