Түркістан полицейлері жағалауда жоғалған 6 жасар баланы тапты

Түркістан полицейлері жағалауда жоғалған 6 жасар баланы тапты

Шардара АПБ-ға Жетісай ауданының тұрғыны қоңырау шалып, Шардара су қоймасының “Алтын жағажай” атты тұрғындардың демалыс орнына арналған жағалауында жүрген алты жасар баласының жоғалғанын айтып көмек сұрады. Полицейлер хабар алысымен жедел әрекетке көшті. Шардара ауданының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бақытжан Нұртазаев жоғалған баланы табу үшін барлық іздестіру жұмыстарын жүргізді. Учаскелік полицейге басқа да әріптестері көмекке келді. Олар баланың су жағалауында жоғалғанын ескеріп, уақыт өткізбестен жағалаудың маңын тінти бастайды.

Нәтижесінде учаскелік полиция инспекторы Б.Нұртазаев 6 жасар бүлдіршінді Жетісай ауданына шығатын жолдың бойынан табады. Бала ойнап жүріп анасынан ажырап қалған. Содан бала адасып жағалаудан 7 шақырым жерге дейін алыстап кеткен. Қазіргі таңда бала ата-анасына аман есен қайтарылды.

Баласымен қауышқан ата-ана тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

– Шардара ауданының полицейлеріне алғысымды айтамын. Жоғалған баламды небары 3 сағаттың ішінде тауып берді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді баланың ата-анасы.


Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға балаларыңызға абай болыңыздар, сыртқа шыққанда қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Әсіресе жолға шыққанда жаныңызда және сенімді адаммен бірге болғаны абзал!