
Ақтауда полицияның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына гендерлік тұрғыдан сезімтал ден қоюына арналған оқыту іс-шараларының қорытынды кезеңі өтті.
Оқыту сериясы аясында Ішкі істер министрлігінің пилоттық өңірлердегі мамандандырылған бөлімшелерінің қызметкерлері практикалық ден қою құралдарымен жұмыс істеді. Олар қайталанатын және ауыр зорлық-зомбылық қаупін кешенді бағалауды, әр баланың қауіпсіздігін ескеруді, қорғау шараларын қолдануды, зорлық-зомбылық жасаған адаммен жұмыс істеуді және басқа қызметтермен өзара іс-қимыл орнатуды үйренді.
Бағдарламада практикалық жағдайларды талдауға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар болған оқиғаны ғана емес, зорлық-зомбылықтың жалғасып жатқанын немесе қаупінің артып келе жатқанын көрсететін факторларды, қандай шараларды дереу қабылдау қажеттігін және жағдайды қай кезде қайта бағалау керектігін талқылады.
Тағы бір маңызды тақырып - полиция қызметкерлерінің кәсіби тұрақтылығы. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларымен жұмыс істеу елеулі эмоционалдық жүктемемен байланысты. Сондықтан кәсіби құзыреттерді дамытумен қатар, эмоционалдық қажудың алдын алуға және психологиялық тұрақтылықты сақтауға да назар аудару қажет.
Оқыту сериясының аяқталуы - жұмыстың соңғы нүктесі емес. Бұл қол жеткізілген практикалық нәтижелерді қорытындылауға, алдағы оқытуға деген қажеттіліктерді анықтауға және ынтымақтастықтың келесі қадамдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Оқыту сериясын Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен және Маңғыстау облысының Полиция департаментімен бірлесіп жүзеге асырды.