
Абай облысында жаз мезгілінің басталуымен бірге су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Осыған орай өңірде тәртіп сақшылары жағажай аумақтарында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, демалушылардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Рейд барысында полиция қызметкерлері су жағалауындағы тәртіптің сақталуын қадағалап, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі назар – тазалық сақтау, суға түсу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау, әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсу деректерінің алдын алу.
Мамандардың айтуынша, мұндай жауапсыз әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін, сондықтан әрбір демалушы өз өмірі мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс. Сонымен қатар рейд барысында жағажай аумақтарының тазалығына да ерекше көңіл бөлінуде. Қоршаған ортаны ластау, қоқысты бейберекет тастау фактілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, табиғатты аялау – ортақ міндет екені еске салынуда. Таза жағажай – тек эстетикалық талап емес, ол ең алдымен қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші.
Өрт қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Жағалау маңында от жағу деректерінің алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері азаматтарға ашық отты пайдаланудың қауіптілігі жөнінде ескерту жасауда. Құрғақ әрі желді ауа райында мұндай әрекеттер өрт қаупін арттырып, үлкен залалға әкелуі мүмкін. Сондықтан демалушыларға арнайы белгіленбеген орындарда от жақпау туралы қатаң түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ пикникке шығушылар да тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалған емес. Отырыстан кейін қалған қоқыстарды жинау мен от жақпау туралы да ескертілді. Табиғат – ортақ үйіміз, оны аялап ұстап - әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.