Қостанайлық тәртіп сақшысы Құрмет грамотасымен марапатталды

Қостанайлық тәртіп сақшысы Құрмет грамотасымен марапатталды

 

Қостанай облысының учаскелік полиция инспекторы Құрмет грамотасымен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алқа отырысында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 17 учаскелік инспекторды қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады. Марапатталғандар қатарында қостанайлық тәртіп сақшысы да бар.

Полиция майоры Ерлан Абдулманов ішкі істер органдарында 12 жылдан бері жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болып табылатын ол ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын бітіріп, еңбек жолын Рудный қаласында учаскелік полиция инспекторы болып бастаған.

– Бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандайтынмын. Әрқашан адамдарға көмектесуге, оларды қорғауға тырыстым. Сондықтан мектептен кейін академияға саналы түрде келіп, оны бітіргеннен бері полиция қызметкері болып жұмыс істеп келемін, – дейді ол.

Учаскелік полиция инспекторының жұмыс кестесі таңертең әкімшілік учаскесін аралаудан басталады. Отбасылық кикілжіңдерді шешу, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзінің басты міндеті деп түсінетін ол үздіктердің қатарынан табылды.

– Әрине мұндай марапаттар одан сайын шабыттандыра түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында министр Ерлан Тұрғымбаев маған грамотаны өзі табыстады. Бұл – мен үшін де, отбасым үшін де үлкен мақтаныш. Дәл осындай сәттерде сен мамандық таңдауда қателеспегеніңді түсінесің, – дейді учаскелік полиция инспекторы.