
Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Игорь Лепеханың төрағалығымен қоғамдық қауіпсіздік және әкімшілік полиция бөлімшелерінің ағымдағы жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары бойынша жедел кеңес өтті.
Кеңеске ІІМ басшылығы мен аумақтық полиция бөлімшелерінің басшылары, Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жер, ғарыш және коммуникациялар ғылымдары орталығының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Шамсигуль Кобдикова қатысты.
Кеңес алдында қатысушылардың саптық байқауы өткізіліп, қызметкерлердің нысанды киім кию тәртібі мен сыртқы келбетіне назар аударылды.
Кеңесте құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымының жай-күйі және жол-техникалық инспекциясының қызметі мәселелері қаралды. Жол-көлік оқиғаларын азайтуға және заманауи техникалық бақылау құралдарын енгізуге ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелерге анықталған кемшіліктерді жою және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру полиция қызметінің басым бағыттары болып қала береді.
ІІМ профилактикалық "Қауіпсіз үй" іс-шарасын жалғастыруда. Оның мақсаты - құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балаларды қорғау.
- Құрметті азаматтар! Елімізде "Қауіпсіз үй" профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Біз бұл шараны әрбір азамат өз үйінде, ауласында және көшеде өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін өткізіп жатырмыз. Алғашқы төрт күнде 46 мыңнан астам тұрғын үй нысаны және профилактикалық есепте тұрған 35 мыңнан астам адам тексерілді. Нәтижесінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрып жатқан төрт мыңға жуық адам анықталды, үш мың заң бұзушылықтың жолы кесілді.
Біз үшін балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Іс-шара барысында 800-ге жуық жасөспірімге көмек көрсетіліп, олардың 127-ін бейімдеу орталықтарына орналастырдық. Павлодар облысында полиция қызметкерлері қараусыз қалған төрт баланы анықтады. Мұндай жағдайда біздің басты мақсатымыз - жазалау емес, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау.
Сонымен қатар 11 мыңнан астам қару иесі тексеріліп, тіркелмеген 20 атыс қаруы тәркіленді. Азаматтармен екі мыңға жуық кездесу өткізілді, 580-ге жуық өтініш түсті. Олардың әрқайсысы міндетті түрде қаралатын болады.
Егер қандай да бір заң бұзушылықтың куәсі болсаңыз немесе қараусыз қалған балаларды байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз. Сіздің бір қоңырауыңыздың өзі келеңсіз жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қауіпсіздік - баршамызға ортақ міндет. Заң мен Тәртіп әрқайсымыздан басталады! - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
Көкшетауда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.
Іс-шараға Ішкі істер министрлігінің, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, мектептер мен колледждердің басшылары қатысты. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балалардың жол-көлік жарақаттануының профилактикасы мәселелері талқыланды.
Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өңірде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 18%-ға төмендегені атап өтілді. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, ювеналдық полиция инспекторларының жұмысына, білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және профилактикалық жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар әзірленді.
Ақтауда полицияның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына гендерлік тұрғыдан сезімтал ден қоюына арналған оқыту іс-шараларының қорытынды кезеңі өтті.
Оқыту сериясы аясында Ішкі істер министрлігінің пилоттық өңірлердегі мамандандырылған бөлімшелерінің қызметкерлері практикалық ден қою құралдарымен жұмыс істеді. Олар қайталанатын және ауыр зорлық-зомбылық қаупін кешенді бағалауды, әр баланың қауіпсіздігін ескеруді, қорғау шараларын қолдануды, зорлық-зомбылық жасаған адаммен жұмыс істеуді және басқа қызметтермен өзара іс-қимыл орнатуды үйренді.
Бағдарламада практикалық жағдайларды талдауға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар болған оқиғаны ғана емес, зорлық-зомбылықтың жалғасып жатқанын немесе қаупінің артып келе жатқанын көрсететін факторларды, қандай шараларды дереу қабылдау қажеттігін және жағдайды қай кезде қайта бағалау керектігін талқылады.
Тағы бір маңызды тақырып - полиция қызметкерлерінің кәсіби тұрақтылығы. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларымен жұмыс істеу елеулі эмоционалдық жүктемемен байланысты. Сондықтан кәсіби құзыреттерді дамытумен қатар, эмоционалдық қажудың алдын алуға және психологиялық тұрақтылықты сақтауға да назар аудару қажет.
Оқыту сериясының аяқталуы - жұмыстың соңғы нүктесі емес. Бұл қол жеткізілген практикалық нәтижелерді қорытындылауға, алдағы оқытуға деген қажеттіліктерді анықтауға және ынтымақтастықтың келесі қадамдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Оқыту сериясын Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен және Маңғыстау облысының Полиция департаментімен бірлесіп жүзеге асырды.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшылығымен Жетісу облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамының қатысуымен бейнебайланыс режимінде шұғыл кеңес өткізілді.
Кеңеске Күзет қызметін бақылау комитетінің және Криминалдық полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Жиында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, профилактикалық жұмысты күшейту, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты бөлімшелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі!
Алматыда оқыту тренингтерінің сериясы жалғасын тапты
Қарағандыдан кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына полицияның гендерлік тұрғыдан сезімтал ден қоюына арналған оқыту тренингтерінің сериясы Алматыда жалғасты.
Тренинг барысында ІІМ-нің мамандандырылған бөлімшелерінің қызметкерлері практикалық тәсілдерге назар аударды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтың қайталану және ауыр түрлерінің тәуекелдерін бағалау, балалардың қауіпсіздігін ескеру, қорғау шараларын қолдану, зорлық-зомбылық жасаған адаммен жұмыс істеу және басқа қызметтермен өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Практикалық кейстерге ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар бір қарағанда байқала бермейтін қауіп факторларын анықтап, жағдайды кәсіби бағалауда стереотиптерге жол бермеу және қабылданатын шешімдердің зардап шеккен адамдардың қауіпсіздігіне бағытталуын талқылады.
Мұндай тренингтер тек білім алмасу алаңы емес. Бұл тәжірибені салыстыруға, күрделі жағдайларды талқылауға және полицияның ден қоюын неғұрлым жүйелі әрі тиімді етуге бағытталған практикалық шешімдерді бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді.
Тренингтер «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Алматы облысы полиция департаментімен бірлескен жұмысы аясында, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелердің әлеуетін арттыруды қолдау мақсатында өткізіледі.
7 қазанда Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-лейтенанты И.В. Лепеханың төрағалығымен Бас прокуратураның 2-қызметі бастығының орынбасары К.К. Амралиннің, Әкімшілік полиция комитеті, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Криминалдық полиция, Цифрландыру және жасанды интеллект департаменттері басшылығының қатысуымен кеңес өтті.
Кеңес барысында Бас прокуратураның профилактикалық есепте тұрған және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында анықталған кемшіліктер бойынша енгізген ұсынысы қаралды.
Кеңеске қатысушылар аталған санаттағы азаматтардың құқық бұзушылықтар жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ профилактикалық жұмыстың және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға, профилактикалық жұмысты жетілдіруге, сондай-ақ бақылауда тұрған және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға бақылауды күшейтуге бағытталған нақты шаралар айқындалды.
Ішкі істер министрлігінде "Назар аударыңыз - балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
- "Назар аударыңыз - балалар!" атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылай келе, ата-аналардың назарын балалардың түнде ересектердің еріп-жүруінсіз болу фактілеріне аударғым келеді. 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталды.
Іс-шараны өткізу кезеңінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарының іргелес аумақтарының жол инфрақұрылымын реттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша үш мыңға жуық ұйғарым шығарылды. Оларды жою шаралары қабылдануда. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының техникалық жағдайы тексерілді.
Балалардың оқу орындары бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру мақсатында объектілерді техникалық нығайту бойынша жұмыс жалғасуда.
Іс-шара аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналардың жауапты екенін тағы да еске саламыз. Балалардың мінез-құлқын, эмоционалдық жағдайын күнделікті бақылау және алғашқы белгілер кезінде полиция органдарына дереу хабарлау маңызды. Оқу орындарында, көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асхат Дюсембеков.
Ішкі істер министрлігі Жолда жүру қағидаларын бұзудың алдын алу және жолын кесу мақсатында жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр.
Осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – жалған, қолдан жасалған, жасырылған және оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерді пайдалану деректерінің жолын кесу.
Кейбір жүргізушілер камераға түсіп қалмау үшін және жауапкершіліктен жалтару үшін мемлекеттік нөмірлерін әдейі жасырады. Бірақ оның артында көбіне автокөлік ұрлығы немесе жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу және басқа да заңға қайшы әрекеттер болу мүмкін.
Біздің міндетіміз – бұл деректердің жолын уақытылы кесіп, ауыр салдарға жол бермеу.
Соңғы үш тәуліктің өзінде республика бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 11 мың дерегі анықталды. Оның ішінде 1 300 дерек көлікті оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен басқаруға, 600 дерек мемлекеттік нөмірсіз басқаруға, 150 дерек жалған немесе қолдан жасалған нөмірлік белгілермен басқаруға қатысты. Сонымен қатар 1 100 көлік арнайы тұраққа қойылып, 800-ден астам мемлекеттік нөмірлік белгі тәркіленді.
Мысалы, Қостанай облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген екі жолаушылар автобусы анықталды.
Астанада жалған нөмірмен жүрген автокөлік тоқтатылды. Тексеру барысында аталған көліктің іздеуде тұрғаны анықталды.
Павлодар облысында мемлекеттік нөмірсіз автокөлік басқарған жүргізуші тоқтатылды. Ол жылдамдықты асырған, полиция қызметкерінің тоқтау туралы талабын орындамаған және қауіпсіздік белдігін тақпай жүрген. Жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды.
ІІМ жүргізушілерге мемлекеттік нөмірлік белгілердің ресми және анық оқылатын болуы қажеттігін ескертеді. Мемлекеттік нөмірді рамкамен, пленкамен, пердемен және өзге де құрылғылармен жабуға жол берілмейді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар республика аумағында тұрақты негізде жүргізіледі.
ІІМ азаматтарды осындай заң бұзушылықтардың куәсі болған жағдайда, "102" нөміріне хабарлауға шақырады. Министрлік жол қозғалысы ережелерін сақтауға және өз қауіпсіздігімен қатар, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Басым бағыттардың бірі – жылдамдық режимінің сақталуын бақылауды күшейту.
Осы мақсатта көліктің орташа қозғалыс жылдамдығын бақылау жүйесін қолдану аясы кеңейтіліп келеді. Бұл жүйе көліктің жылдамдығын белгілі бір нүктеде ғана емес, бақылаудағы жол учаскесінің бүкіл бойында тіркеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл камераның алдына келген кезде жылдамдықты уақытша төмендету мүмкіндігін болдырмай, белгіленген жылдамдық режимінің тұрақты сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта орташа жылдамдықты бақылау жалпы ұзындығы 2 600 км болатын 12 жол учаскесін қамтиды.
Жыл соңына дейін бақылау жүйесімен жалпы ұзындығы 2 600 км болатын тағы 16 жол учаскесін қосымша қамту жоспарланып отыр.
Бұл, ең алдымен, жол-көлік оқиғаларының санын және олардың салдарының ауырлығын төмендетуге бағытталған профилактикалық шара.