Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды

Жұмыс сапары аясында өңір басшысы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен, инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысты және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер өткізді.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл аудандағы егіс алқабы 208,3 мың га құрайды. Соның ішінде: дәнді дақылдар 130,5 мың га, майлы дақылдар - 55,4 мың га, жемшөп - 20,5 мың га. Аудандағы тұқым қоры 23,7 мың тоннаны құрайды, жоспар бойынша 17,1 мың тонна. 5,2 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Дала жұмыстарын жүргізу үшін 4 045 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.

Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы - 100%. Ауданда түрлі модификациядағы 500-ден астам трактор бар. Ағымдағы жылы 293 млн теңгеге 19 бірлік жаңа техника сатып алынды, ал 1 маусымға дейін 1 млрд теңгеден астам сомаға тағы 26 бірлік техника сатып алу жоспарлануда. «Павлодар» ӘКК және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс жұмыстарына 4,6 млрд теңге бөлінді.

«Еңбек Жол» ЖШС-нің егіс алқабында облыс әкімі шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізді. Егіс науқанының ерекшеліктері мен аграрлық сектордың өзекті мәселелері талқыланды.

Шаруашылық басшысы Александр Свиридов құны 893,3 млн теңге болатын суармалы егіс алқабын дамыту бойынша инвестициялық жобаның екінші кезеңін таныстырды. Шаруашылықта жеті жаңбырлатып суаратын машина жұмыс істейді, екі суару қондырғысы және екі сорғы станциясы сатып алынды. Сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс қоймасы салынды. Кәсіпорында 21 ауыл шаруашылығы техникасы бар, қызметкерлер саны - 35 адам. Жалпы ауданы 6,9 мың га алқаптың 930,9 гектары суармалы болып табылады. Ауыспалы егіс құрылымында бидай, арпа, күнбағыс, сүрлем жүгері, картоп және қарақұмық бар.

Аграршылар тап болған негізгі мәселелердің бірі - суармалы егіс алқаптарын жаппай іске қосу кезінде электр қуатының жетіспеушілігі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға «ПРЭК» АҚ-мен бірлесіп, жағдайға талдау жүргізу және ауыл шаруашылығы өндірістерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін электр қуатын ұлғайту бойынша ұсыныстар дайындау тапсырылды.

Одан кейін өңір басшысы «Алтын Жер» ЖШС-не барды. ЖШС басшысы Андрей Коваленко 1,8 мың га алқапта жүргізіліп жатқан егіс науқанының барысы туралы және ағымдағы агротехникалық іс-шаралар туралы баяндады. Бұған дейін шаруашылықта көлемі 2,5 мың тонна астық қоймасын салу бойынша инвестициялық жоба сәтті іске асырылған болатын.

Облыс әкімі агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеудің маңыздылығын атап өтті:
- Барлық нормативтерді сақтаған жағдайда сіздің механизаторларыңыз айына 680 мың теңгеге дейін табыс табады. Бұл басқа шаруашылықтар да ұмтылуы тиіс көрсеткіш, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Железин ауылындағы жұмыс сапары барысындағы негізгі нысандардың бірі №2 қазандық болды. Аталмыш қазандықтың өткен күзде істен шығуына байланысты 160-тан астам абонент жылусыз қалған болатын. Облыс әкімі алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін барлық ауылдық жерлердегі қазандықтардың техникалық дайындығы мен олардың сәйкестік паспорттарының болуын тексеріп, техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Өңір басшысының жұмыс сапары күн сайын 250 бөлке нан пісіретін «Сәттілік» жеке наубайханасына барумен аяқталды. Асайын Байханов өндірісті дамыту мен тауар түрлерін ұлғайту бойынша жоспарларға оң баға беріп, жергілікті жерлерде экономиканың негізгі драйвері ретінде шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев