Усолкада жаңа көпір ашылды

Усолкада жаңа көпір ашылды

Жаңа көпірдің ұзындығы 87, ені 4 метрді құрайды. Өткелден салмағы 60 тоннаға дейін жүк өткізуге болады. Төрт айдың ішінде салынып біткен көпірдің құрылысына үш бірдей компания қатысты. Олар: «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Павлодар өзен порты» АҚ және «Стальмонтаж» ЖШС. Көпірді құрылысы бюджеттен тыс қаржының есебінен жүргізілді.

– Біздің компания жүргізген жұмыстың сапасына кепілдік бере аламын, – дейді «Стальмонтаж» ЖШС-ің атқарушы директоры Вячеслав Вдовыдченко. – Біз 28 бағананы өзен арнасына қадап, олардың үстінен салынған темір белдеулер мен қоршауларды бекіттік. Көпірді дұрыс пайдаланған жағдайда ол 50 жылға дейін шыдас береді.

Аймақ басшысы КамАЗ көлігінің руліне отырып, көпірдің сапасын тексеріп көрді. Өткелден өткеннен кейін ол құрылысшылардың жұмысына оң баға берді. 

Ендігі жерде, павлодарлықтар мен қала қонақтары жаңа көпір арқылы Усолка өзенінің сол жағалауына өте алады. Болашақта бұл жерде биатлон және триатлонға арналған трасса орналасады. Сонымен бірге, өзен алабындағы 15 гектар жерде этноауыл салынады.