Павлодарда өңір басшысы соғыс ардагерлері Сергей Выжутовичті, Мария Курбатованы, Василий Григорашты және Николай Ступканы, сондай-ақ, Павлодар ауданының Сычевка ауылында тұратын Мария Матюшинаны, Ақсу қаласының Қалқаман ауылындағы Василий Московченконы, Ертіс ауданы Ертіс ауылының тұрғыны Анна Носованы және Баянауыл ауданының Баянауыл ауылында Қайыр Хасенов ақсақалды мерекемен құттықтап шықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыс әкімі ардагерлерге «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстап, Президент жолдаған құттықтауды оқыды.
Барлық кездесулерде ардагерлер соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі өмірлері туралы естеліктерімен бөлісті. Облыс әкімі ардагерлерге алғысын білдіріп, мықты денсаулық тіледі.
- Сіздер соғысқа жастай аттандыңыздар. Сұрапыл соғысты басынан өткергендер ғана Жеңістің бағасын шынайы түсінеді. Отан қорғау жолында аянбай күрестіңіздер. Ендігі біздің міндетіміз - сіздер қорғап қалған бейбітшілікті сақтау, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының 8 ардагері тұрады. Жеңіс Күні қарсаңында олардың әрқайсысына 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, олар медициналық көмекпен қамтамасыз етілген және әлеуметтік көмек алады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев