С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көрнекті жерлесіміз - Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Шахимардан Әбіловтың 75 жылдығына арналған «Шахимардан Абай шыңында» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Облыс әкімі Асайын Байханов мерейтой иесін құттықтап, оның отандық мәдениетті дамытуға және Абай мұрасын насихаттауға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті:
- Бұл жинақ тек өмірбаян ғана емес, бұл мәдени дәуірдің шежіресі және ұлы ойшылдың рухани мұрасын сақтаудағы маңызды қадам, - деп атап өтті өңір басшысы.
Шахимардан Әбіловтың Абай шығармашылығын, оның ішінде Қара сөздері мен әндерін халықаралық сахнада оның тереңдігі мен философиясын музыка арқылы жеткізген алғашқы әртіс екендігі ерекше атап өтілді.
Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов, профессор-хирург Серік Тоқпанов, белгілі журналист және ақын Қорғанбек Аманжолов, С.Торайғыров атындағы университеттің ректоры Нұрлан Медетов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев