Ертіс жағалауындағы Ertis Promenade сахнасында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама этномәдени бірлестіктер мен жастардың жарқын шеруімен басталып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй мен жарқын әсерлер сыйлады.
Театрландырылған қойылымда Қазақстан жерінде бірлікте өмір сүріп жатқан халықтардың тарихы көрсетілді. Концертті оқушылар сарайының, музыкалық колледждің және Достық үйінің талантты ұжымдарының музыкалық және хореографиялық нөмірлері жалғастырды.
Май ауданынан келген «Асыл әжелер» ансамблі, Аққулыдан келген «Раздолье» казак хоры, Баянауыл мен Екібастұздан келген «Ялкын» және «Шатлык» татар-башқұрт ансамбльдері, Павлодар мен Успен аудандарынан «Селяне» және «Сябры» вокалдық топтарының қойылымдары мерекенің көркін кіргізді. Ақсудың «Цейолам» кавказ би ансамблі орындаған «Ингуш амазонкалары» биі, сондай-ақ, Железин ауданының славян және грек бірлестіктерінің жарқын нөмірлері көрермендерді ерекше таңқалдырды.
Орталық жағалауда дәстүрлі қолөнер бұйымдарымен аймақ халықтарының сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, орталық алаңға жиналған тұрғындар отандық танымал орындаушы Нұрболат Абдуллиннің өнерін тамашалады.
Мерекелік атмосфера бүкіл облысты қамтыды: облыстың қалалары мен аудандарында да концерттер, спорттық жарыстар мен көрмелер өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев