Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстанның кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсты  2025 жылы өткізуі басталғанын хабарлайды.

Конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүргізіледі және оған жеке кәсіпкерлік субъектілері (бұдан әрі - үміткерлер) қатыса алады.

Конкурс лауреаттарының атақтары үш санат бойынша:

1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;

2) орта кәсіпкерлік субъектісі;

3) ірі кәсіпкерлік субъектісі;

және мынадай номинациялар бойынша беріледі:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын ұйымдардың қызметі қаралады (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру, еңбекті қорғауды ұйымдастыру, кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру және т.б.).

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек қызметі жүрісінде жұмысшылардың денсаулығын сақтауға ықпал ететін жағдайларды жасаған ұйымдардың қызметі қаралады.

3) «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы». Бұл номинацияда қоғамға пайдасын беретін және/немесе негізгі қызметке ұзақ мерзімді болашақта оң әсер ететін, әртүрлі тыныс-тіршілік салаларындағы әлеуметтік жобаларды іске асыратын ұйымдардың және өзге де жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі қаралады.

4) «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

5) «Экологияға қосқан үлесi үшiн». Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын iске асыруда ерекше көзге түскен үмiткерлердiң қызметi қаралады.

Конкурсқа қатысу мәселелері бойынша облыс жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуларыңызды сұраймыз (байланыс телефоны 32-40-41).

 

Облыс жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы