Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындыларын және алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарларын талқылады.
Жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде станцияларда технологиялық ақаулардың саны айтарлықтай азайып, жылу желілерінің тозуы 1,5%-ға төмендеді.
2025 жылы жалпы сомасы 10,9 млрд теңгеге Екібастұз ЖЭО-дағы 7 қазандық агрегатына, №3 түтін құбырына және негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен 11,3 млрд теңгеге 5 км ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдарын қайта жаңарту жоспарлануда.
14-20 сәуір аралығында қалада температуралық және гидравликалық сынақтар жүргізіліп, 179 ақау анықталды. Оларды жөндеу жұмыстарына 25 авариялық бригада тартылды.
Барлық анықталған ақауларды жойып, 700 көппәтерлі үйдің 518-іне және 64 әлеуметтік нысанға ыстық суды беруді қала билігі мамыр айының соңына дейін, ал қалған 182 көпқабатты тұрғын үй мен 24 әлеуметтік нысанды - жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін қосуды жоспарлаған.
Асайын Байханов ұсынылған мерзімдермен келіспей, қалалық әкімдікке жылу желілерімен бірлесіп, жұмыс қарқынын жылдамдата отырып және реконструкциялау жұмыстары кезеңінде тұрғын үйлердің көп бөлігіне ыстық су берудің балама схемаларын қарастырып, ыстық суды қосу кестесін қайта қарауды тапсырды. Жаңа кесте сәуір айының соңына дейін ұсынылуы керек.
Жиналыстан кейін облыс әкімі қайта жаңартылатын учаскелердің бірі - ЖМ-2 жылу магистраліне барды. Бүгінгі таңда жұмыстар басталды: жұмыс бригадалары жасақталып, қажетті жабдықтарға тапсырыс берілді. Реконструкциялау жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Одан кейін өңір басшысы кеншілер қаласын абаттандыру жобаларымен танысты. Биыл Екібастұзда 160 мың шаршы метр автожолдар мен 70 мың шаршы метр квартал ішіндегі аумақтар (көлеміне байланысты 20-25 аула) жаңартылады.
Сондай-ақ, қазір инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатқан жеке сектор көшелерінің 124 мың шаршы метр аумағы тегістеледі. Алдағы уақытта жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін аталмыш көшелерді асфальттау жоспарлануда.
Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік нысандарының аумағындағы асфальт жабындарын жаңарту жұмыстары да жалғасады. 2024 жылы 25 әлеуметтік нысан қамтылды: 24 мектеп және перзентхана. Биыл 12 мектеп пен 12 балабақша аумағының асфальт жабынын ауыстыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың кірме жолдары да толықтай қалыпқа келтіріледі. Бұл жұмыстардың бір бөлігі өткен жылы жүргізілді және осы жылы толығымен аяқталатын болады.
Екібастұз қаласының аулаларында 50 балалар ойын алаңы, 15 футбол алаңы, 9 стритворкаут және 2 стритбол алаңы орнатылады. 20 аулаға асфальт төселеді.
Екібастұздың көшелері мен квартал ішіндегі аумақтарын жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы жұмыстар 28 көше мен 45 аулада орындалды. Биыл қаланың 40 көшесі мен 168 ауласын қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы уақытта көпфункционалды жаңа спорт кешені салынатын учаскеге барды. Спорт нысаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынатын болады. 11,2 мың шаршы метр аумақта үш функционалды блок орналасады: мұз аренасы, жеңіл атлетика манежі және велосипедшілерге арналған трек.
Кешенде 8 мыңнан астам бала хоккей, мәнерлеп сырғанау, жекпе-жек, гимнастика және велоспортпен шұғылдануға мүмкіндік алады.
- Екібастұз үшін бұл өте маңызды жоба. Мұндай кешендер 1986 жылы «Жасыбай» спорт кешені салынғаннан бері бой көтерген жоқ. Екібастұзда мықты хоккей командасы, қысқы спорт түрлерінен чемпиондар бар және оларға мұз айдыны жетіспейді. Кешен 5, 5 А, 9 шағын аудандарының маңында бой көтеретін болады, өйткені, бұл жерге қоғамдық көліктің қатынауы және қажетті тұрақ орындарын ұйымдастыру мүмкіндігі ескерілді, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Жаздың соңына дейін жер учаскесін рәсімдеуді аяқтап, күзде инфрақұрылымдық жұмыстарды бастау жоспарлануда.
Нысан 2026 жылдың соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, өңір басшысы 380-нен астам маман жұмыс істейтін «KEGOC» АҚ - «Солтүстік МЭС» филиалының өңірлік диспетчерлік орталығына барды. Орталық өңірлік және ұлттық маңызы бар 6 электр станциясын қоса алғанда, Қазақстанның барлық солтүстік бөлігі бойынша электр энергиясын беру режимдерін басқарады. Әкім жаңа инвестициялық жобаларды, соның ішінде ферроқорытпа зауыттарын іске қосуға байланысты тұтыну көлемі өскен жағдайда электр энергиясын өндіру және транзиттеу мүмкіндіктерін сұрады.
Жұмыс сапары №2 сорғы станциясын тексерумен аяқталды. 2023-2025 жылдары мұнда толықтай реконструкция жүргізілді: 52 бірлік бекіту арматурасы ауыстырылды, 6 жаңа сорғы орнатылды, автоматты басқару жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев