Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өткізді

Өңір басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметінің маңыздылығын атап өтті.
- Сіздермен Наурыз мерекесі қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің рөлін айрықша атап өтті. Сіздердің осы бағыттағы ауқымды әрі тиімді жұмыстарыңызға ризамын, - деді облыс әкімі.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты - «Ассамблея жастары» ұйымы мемлекеттік тілді үйренуге және насихаттауға бағытталған жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда.

Кездесуде Павлодар қаласының №27 мектеп директорының міндетін атқарушы Тимур Оньянов «Үйде сөйле», «Қазақша ән салайық», «Insta сөздік» жобалары туралы айтты.

- «Мемлекеттік тіл» терминінің орнына мен әрқашан «ана тілі» сөзін қолданамын. Қазақстан - біздің ортақ үйіміз, қазақ тілі - ана тіліміз. Бұл мәжбүрлеу емес, заманауи қажеттілік, - деді ассамблеяның жастар белсендісі, «Халкан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі, ұлттық жаңғыру мектебінің оқытушысы Карина Фаргиева.

Май ауданының балабақша тәрбиешісі, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Эрика Оразалина балабақшалар мен мектептерде тіл мәртебесін арттыру қажеттігін атап өтті.
- Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігі мені әрқашан таң қалдырады. Басқа ұлттың өкілі болсам да, осы елдің баласы ретінде мен қазақ тілін ана тіліммен тең қабылдаймын, - деп атап өтті «FREUNDSCHAFT» неміс этномәдени орталығының төрағасы.

Наурыз мерекесі қарсаңында Достық үйінде өткен кездесуде қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлеріне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы маңызды рәсімдердің бірі - тұсау кесуге қатысты.
Асайын Байханов жүруге талпынған бүлдіршін Рамазан Болатовтың тұсауын кесіп, болашағының жарқын болуын тіледі.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев