
Наурыз мерекесі қарсаңында облыс тұрғындары Естай атындағы мәдениет сарайында әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана балет» театрының симфониялық оркестрінің концертін тамашалады.
Бағдарламада итальяндық опера, австриялық опереттаның романтика және испандық сарсуэла жанрындағы үздік шығармалар орындалды.
- Маған өзімнің туып-өскен Павлодарымда концерт беруге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Сондай-ақ, «Астана балет» театрына өздерінің симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуге тағы бір мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін, - деді Мария Мудряк.
Қазіргі заманның ең әдемі және бірегей дауыстарының бірін тыңдауға мүмкіндік берілген бұл концерт біздің облысымыздың ғана емес, еліміздің де жарқын мәдени оқиғасына айналды. Атақты жерлесіміздің өнерін тамашалауға облыс әкімі Асайын Байханов та барды.
Мария Мудряк ән айтуды үш жасынан бастаған. 5 жасында Павлодар қаласының №1 музыкалық мектебіне оқуға түседі. Ал 13 жасынан бастап Джузеппе Верди атындағы Милан мемлекеттік консерваториясына түсіп, «Ла Скала» театрының қойылымдарына қатысты.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев