Павлодар облысында Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен дала өртін сөндіру жалғасуда. Өрт шалған жердің ауданы шамамен 6 мың га құрайды. Жағдай қалың өскен шөптердің және 12-15 м/с дейінгі екпінді желдің салдарынан күрделенуде.
Кеше түнде облыс әкімі Асайын Байханов өңірлік жедел штабтың отырысына қатысты. Өртті сөндіруге 310 адам, 51 бірлік мамандандырылған техника, 1 әуе кемесі, 3 пилотсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдар тартылған мамандарды тамақтандыруды және арнайы техниканы жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде.
Өртті сөндіру үшін су Шалқаркөл көлінен және Желтау ауылындағы ұңғымадан алынуда.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі