Бүгін өңір басшысы Асайын Байханов облыстың қалалары мен аудандарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша жиналыс өткізді

Бүгін өңір басшысы Асайын Байханов облыстың қалалары мен аудандарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша жиналыс өткізді

Облыс аумағындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 17,5 мың км құрайды, 4349 қосалқы станция бар. Электрмен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі - 59,2%.

Өңірде электр қуатының «жаппай өшірілуі» және энергиямен жабдықтау желілерінде туындаған бірқатар ақаулар қолайсыз ауа-райы кезінде орын алды. Осы қыста дауылды желдің салдарынан 491 апаттық өшіру тіркелді. Ең көп өшірулер Ақсудың ауылдық аймағында, Баянауыл, Павлодар, Ақтоғай және Ертіс аудандарында тіркелді.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңір тұрғындарының жарықты ескертусіз және ұзақ уақытқа сөндіруге қатысты шағымдарының көбейгеніне назар аударды.

Жиналыста энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың басшылары электр желілерін реконструкциялау бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларын баяндады. Биыл 55,9 км жаңа желілер салу, 41,8 км қолданыстағы желілерді реконструкциялау, сондай-ақ, 140-тан астам негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Асайын Байханов мәселенің стратегиялық тұрғыдан емес, ситуациялық түрде шешілетінін атап өтті.
- Павлодар облысы энергиямен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын өңір. Тіпті, дауылды желді ескеретін болсақ та, жарықтың өшуіне жол бермеу қажет. Электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозу деңгейі 59,2% құрайды, ал, кейбір аудандарда 70%-дан асады. Инфрақұрылымның әбден тозғанын күтіп отыруға болмайды. Жыл сайын электр қуатын тұтыну көлемі артып келеді. Энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары есебінен де, жергілікті бюджет қаражаты есебінен де негізгі жабдықтарды, кабельдік желілер мен трансформаторлық қосалқы станцияларды күрделі кешенді жөндеу және ауыстыру қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.

Жиналыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі энергетика және ТҮКШ басқармасына электр энергиясының өшуінің барлық негізгі мәселелері бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді және электр желілерінің, сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлердегі үйішілік желілердің ағымдағы жай-күйін тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, энергия беруші компаниялармен бірлесіп, 2 апта мерзімде қалалар мен аудандар бөлінісінде желілерді жөндеу бойынша Жол картасын дайындап, осы жылға арналған жұмыстардың тізімін айқындау және келесі жылы басымдық берілетін жобалар пулын қалыптастыру тапсырылды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев