Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов мердігер ұйымдардың басшыларымен бірге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысын талқылады

Бүгін облыс әкімі Асайын Байханов мердігер ұйымдардың басшыларымен бірге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысын талқылады

Ұлттық жоба аясында облыстың 30 елді мекенінде 2 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік, 23 медициналық пункт салынады. Олардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру осы жылға жоспарланған. Бұл құрылыс нысандарның құны 5,3 млрд. теңгені құрайды.

Жиналыс барысында Асайын Байханов облыстың қалалары мен аудандарының әкімдерімен, жауапты мемлекеттік органдар және мердігер ұйымдардың басшыларымен барлық ықтимал тәуекелдерді қарастырды: құрылысқа дайындық, материалдарды сатып алу, техника мен жұмыс күшінің болуы.

Өңір басшысы жұмыс кестесінен артта қалған жағдайда мемлекеттік органдар ұйымдарды жосықсыз деп тану рәсімін бастауға дайын екенін жеткізді.
- Сіздердің жұмысқа деген адал көзқарастарыңыз, жұмыстың сапасы, келісілген уақытында пайдалануға беру - бұл ең бастысы, - деді аймақ басшысы мердігерлерге.

Облыс әкімі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, мердігер ұйымдардың басшыларына ұлттық жоба ҚР Президенті мен Үкіметтің ерекше бақылауында екенін еске салды.
- Әрбір нысан бойынша жұмыстарды жандандыру қажет, сондай-ақ, жабдықтауды және қызметкерлермен қамтамасыз етуді бақылау маңызды, - деп талап етті Асайын Байханов.

Міндетті шарттардың бірі - ашықтық және құрылыс барысын толық бақылау болып табылады. Жұмыстардың барысына мониторингті Үкімет аппараты мен бейінді министрліктер «Битрикс» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетін болады. Сондай-ақ, өңір басшысы мердігерлермен бейнебақылау камераларын орнату және оларды облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне қосу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Аудан әкімдеріне жаңа денсаулық сақтау нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев