Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің тапсырмасы бойынша толықтай реконструкция жүргізілген теміржол вокзалына барды

Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің тапсырмасы бойынша толықтай реконструкция жүргізілген теміржол вокзалына барды

Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің тапсырмасы бойынша толықтай реконструкция жүргізілген теміржол вокзалына барды. Ғимаратқа 1981 жылы пайдалануға берілгеннен бері алғаш рет толыққанды жөндеу жүргізіліп отыр.

Жөндеу жұмыстары «Kaz Minerals» компаниясының есебінен жүргізілді. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамызында басталды.
Бүгін Асайын Байханов, Kaz Minerals Bozshakol бас директоры Джейми Энтони Каратти, ақсақалдар, теміржол саласының ардагерлері қайта жаңартылған ғимаратпен танысты.

Фиброцемент және жолақты панельдерді орнату арқылы вокзалдың үгітіліп түсіп жатқан мәрмәрдан жасалған апаттық жағдайдағы қасбеті, сондай-ақ, өрт қаупі бар алюкобонд жаңартылды. Әйнек жақтаулары ауыстырылды.
Жаңартылған вокзалдың ішінде 7 касса, кең күту залы, ана мен бала бөлмесі, сақтау камералары орналастырылды. Пойызға да, автобустарға да билеттер сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Әуе кассасы ашылады деп күтілуде.
Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді: барлық бейнекамералар Павлодар станциясының ЖІІБ кезекші бөліміне жалғанды.

Ғимарат мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толықтай бейімделген. Кедергісіз ортаны 2 жүк-жолаушы лифті және 2-ші және 3-ші жолға арналған арнайы көтергіш қамтамасыз етеді. Ақпараттық-навигациялық жүйе, тактильді жолақтар, нашар көретін келушілерге арналған мнемосхема, арнайы касса жан-жақты ойластырылған.

Облыс әкімі балалары бар және егде жастағы жолаушыларға арналған лифтің жұмысын тексерді. Жолаушылар Wi-Fi қосып, ноутбукпен жұмыс істеуге арналған жайлы күту залына жоғары баға берді. Мұнда алғаш рет балалардың бос уақытын өткізуге жағдай жасалды. Вокзалдың 2 қабатында жолға шығар алдында тамақтанып алуға болады. Күрделі жөндеу жұмыстары № 1 жолаушылар платформасында да жүргізілді. Жерасты өткелінде еден, қабырға жабындары ауыстырылды.

Асайын Байханов күрделі жөндеуден кейін вокзал барлық жолаушыларға ыңғайлы болады деген үміт білдірді. Аумақты нысаналы мақсаты бойынша аймақтарға бөлу, жаңа инфрақұрылым Павлодардың көрікті жерлерінің бірі - теміржол вокзалының жайлылығы мен тартымдылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Вокзал ғимаратында пойызды күтіп тұрған жолаушылар өздері тұрған жер туралы ақпарат ала алатын тарихи фотосуреттер орналастырылған. 1924 жылы КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Владимир Ленин Славгород-Құлынды-Павлодар филиалын салу туралы шешім қабылдады. Осылайша, алғашқы Павлодар вокзалы салынды, ол кейіннен мектеп және пионерлер үйі болды. 1956 жылы 80-ші жылдардың басына дейін қызмет еткен екінші станция салынды. 1977 жылы оның жанында жаңа кешеннің қазығы қағылды. 1981 жылдың қараша айында жаңа вокзал ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Жобаның авторы Новосібірлік 40 жастағы сәулетші, қазір Ресейдің еңбек сіңірген сәулетшісі Владимир Авксентюк.

Бүгінде теміржол вокзалы республика ішінде жүретін 9 бағытты қамтамасыз етеді. Жолаушылардың орташа жылдық ағыны шамамен 500 000 адамды құрайды, орташа тәуліктік шамамен 2000 адам.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев